Айқожа кесенесі, ХVІІІ-ХІХ ғасырлар

Мекен жайы: Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 11 км.

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 28.07.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Аңыз-әңгіме: Айқожа ишан 1773 жылы Жаңақорған өңірінде дүниеге келген. Ташкент, Бұхара шаһарларына барып, медреселік білім алады. Бұдан кейін Ауғанстандағы атақты ғұлама, қара суды теріс ағызатын Ислам Шайхқа барып, оның қолында төрт жылдай Кұлболды, Марал, Қосым ишандармен бірге оқып, жоғары білім алады. Олар Сыр бойына Құлболды Тереңөзекке, Марал Қармақшыға, Қосым Қазалыға, Айқожа Жаңақорғанға ишан болып оралады. Айқожа ишан Темірұлының зеректігі және білімдарлығымен қоса, оның бойында адам сезе бермейтін бір тылсым күштің барын ұстазы Ислам Шайх оның оқып жүрген кезінде-ақ білген. Бірде ол шәкірттерін сынамаққа өзінің алдына шақыртады. Басқалар ұстаз алдына кідірмей кіріп барғанда, Айқожа табалдырықтан аттамай есіктің алдында тұрып қалады. Дінбасы мұның себебін сұрағанда, ол: «Мына табалдырықтың астындағы қасиетті затты басып өте алмай тұрмын. Соны алдыруыңызды өтінемін» – дейді. Сөйтсе, Ислам Шайх шәкірттерін сынау үшін кіреберіске сездірмей Құран кітабын жасырып қойған екен. Сонда ұстаз да, өзге шәкірттер де Айқожаның көріпкелдігіне таң қалады. Айқожа ишан Жаңақорған өңірінде халықты сауаттандырумен, діни имандылық тәрбиесін берумен айналысқан. Ол кісі Қарасопыда мектеп, медресе ашып ағартушылық қызметін халыққа дарытқан. Бірақ, кейін өзінің замандасы Көкен батырдың айтқан сөзіне налып, Қарасопыдан Ақтасқа 30-40 үйін алып көшеді. Сонда өзінің қателігін білген Көкен батыр Сарықамыста көшті қуып жетеді де кешірім сұрайды. Бірақ, көк көзді, ақсары өңді Айқожа ишан кешірім бере тұрып: «Жолға шыққан көштің кері қайтуы әбестік», – деп жүріп кетеді. Ақтасқа келіп жеткенде ерген жұртқа: «Құдай қаласа, ендігі қонысымыз осы жер болады», – дейді. Сонда олар: «Елсіз, сусыз жерді қалай мекен етеміз?» – депті. Мұны естіген Айқожа ишан қасиетті асасын жерге шаншығанда, сол тұстан шымырлап мөлдір су шыға бастайды. Ол әлі күнге дейін «Айқожа ишан бұлағы» деп аталады. Айқожа ишан 1857 жылы Бесарық стансасы тұсындағы Сарықамыс деген жерде дүние салады. Мәйітін Ақтас әулиенің қасына әкеліп жерлейді. Ел арасында Айқожа ишан туралы аңыз әңгімелер көптеп сақталған. Айқожа ишанның кемеңгерлігі мен даналығын халық қасиет тұтқан. Сондықтан бұл орынды қасиетті санап, тәу етушілер де көптеп саналады.

Сипаттамасы: Кесенеге келгендер діни-жоралғылар өткізіп, намаз оқып, құран бағыштай алады. Ол үшін кесененің шырақшысы бар. Кесенеге келіп кетушілерге арнайы үй де дайындалған. Мал соятын орын да табылады. Айқожа ишан күмбезі – ХVІІІ-ХІХ  ғ.ғ жататын сәулет өнерінің ескерткіші. Бесарық станциясының оңтүстігінде орналасқан күмбезді ишан қабірінің басына үлкен ұлы Ибадулла Бұхарадан келген Хамит есімді шеберге орнаттырады. Күмбездің ауданы 9х9 м, биіктігі 8м, күйдірілген кірпіштен қаланған. Күмбез қазақы ою-өрнекпен безендірілген, 8 қырлы барабанды күмбезге жарық түсетін 4 терезесі бар, маңдайшасын бөренеден қиған. Ішінде сағана түрінде құлпытас қойылып, үстіне арқардың мүйізі қойылған. 1989 жылы ауыл тұрғындарының көмегімен қайта жөндеуден өткізілген. 2005 жылы республикалық бюджет тарапынан кесенеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Кесене «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында "өңірлік қасиетті нысандар" тізіміне енгізілген. Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасында кесене туралы ақпарат енгізілген. QR-код тақтайшасы орнатылған.

 

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Оқшы ата кесенесі, ХІ ғасыр
2 / 5
Сығанақ қалашығы. Х-ХVІІІ ғасырлар
3 / 5
Бақатам кесенесі, ХІХ ғасыр
4 / 5
Қазалы қаласының ескі бөлігі, қала құрылыс кешені. ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы Ноғай (Нұралы) мешіті
5 / 5
Көтібар мұнарасы, ХІХ ғасыр

Ақпарат

    Записей не найдено.