Құттыбай кесенесі, ХVІІІ-ХІХ ғасырлар

Мекен жайы: Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жанкент ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 4 км.

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 25.07.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Тарихы: Құттыбай Ақболұлы шамамен 1807 жылы туып, 1900 жылы дүниеден өткен. Ол Сыр өзенiнiң төменгi ағысында Арал – Қазалы өңiрiнде өмiр  сүрген өз заманының атақты биi, әрi батыры болған. Жасынан зерек, пысық болып өскен Құттыбайдың батырлығы, көрегендiгi, ел iшiндегi түрлi дауларды бiтiстiрген шешендiгi мен билiгi туралы әңгiмелер көп. Оның ел билiгiне араласқан шағы Сыр бойына Қоқандықтар мен Хиуалықтардың  өктемдiк саясат жүргiзiп тұрған кезеңiне сәйкес келедi. Сырдарияның төменгі ағысында өмір сүріп, жасынан шешендігі мен билігі және батырлығы арқылы ел аузына ілігеді. Ол қоқандықтар мен хиуалықтардың озбырлығына қарсы шығып, халық арасындағы алым-салық, зекет жинаудағы жөнсіздік пен жер-су бөлінісіндегі берекетсіздіктерге араша түсіп, қалың жұрттың жанайқайына жанашырлық көрсеткен. Қиын-түйінді бітіспес дау-дамайларды шешуде қарақылды қақ жаратындай әділдігімен таныла білген. Ел-халықтың беделіне ие болғандығының арқасында қарақалпақ пен өзбектер арасындағы айтыс-тартыстарға да араласқан көрінеді.

Бойында көреген көсемдік қасиеті бар Құттыбай үш мәрте Қыдыр көрген деген аңыз бар. Соның әсерімен оған төрт түлік мал мол жиналып, байлық пен молшылыққа кенеледі. Оның құйрық-жалын жел ескен жылқыларының саны он бес мың бастан асып жығылған.

Құттыбай Ақболұлы Жанқожа батыр бастаған Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандары мен Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің де белгілі сарбаздары қатарынан көрінген. Жорық үстінде ержүректігі және табандылығы арқылы алғы шептен табылған оны білікті қолбасшы кейбір дау­лар мен шағымдарға пәтуа жасау ісіне сенімді серіктес ретінде үнемі жұмсап отырған.

Құттыбай 1897 жылы жасы тоқсанға келгенде әкесі Ақбол биге арнап, атажұрты Жанкент қорғанынан 5-6 шақырымдай қашықтықтан күмбезді зәулім ескерткіш кесене тұрғызуды қолға алады. Айтулы құрылысқа қажетті кірпіш саз топырақ биенің сүтіне иленіп, сексеуілдің шоғымен күйдіріліп, дайындалады. Қыш кірпіштің жиырмадан астам түрін әзірлеп шығарған зауыт та нысан алаңының маңында орналасқан.

Бұрынғылардан жеткен сан айғаққа жүгінсек, кесене ішінде жеті адамның мәйіті қойылған. Кесене құрылысы аяқталғаннан кейін үш жылдан соң 93 жасында Құттыбай би де дүние салып, оның сүйегі осында жерленеді. Осыдан кейін жергілікті халық қасиетті орынға Құттыбай мазары деген атау береді. Ел аузында сақталған тағы бір мәліметте «Мезгілінде мазардың төбесіне алтыннан айшық қойылыпты. Алайда құнды зат уақыт өте келе ұрланады. Бірақ оны алған адам ұзамай қатты ауырып, қайтыс болып кетеді» деп айтады. Бұл оқиға Құттыбайдың киелі, текті адам екенін дәлелдейді. Ғасырлармен бірге жасасып, осы күнге жойылмай жеткен еңселі кесене бүгіндері өңіріміздегі ежелгі ескерткіштер санын толықтырып отыр.

Сипаттамасы: Сәулетті де сәнді келбетімен көз тартатын бұл ескерткіш-кесене ХVІІІ-ХІХ ғасырларда салынған. Өркендеу ауылының оңтүстік батыс тұсында орын тепкен шаршы пішіндес, биік күмбезді құрылыс күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Сыртқы ауданы 11х9 метрді, жалпы биіктігі 9 метрді құрайды. Мұндағы үлкен бөлме 6х6 метр болса, сонымен бірге дәліз ретінде соғылған шағын бөлік бар. Мазардың архитектуралық жобасында сол кезеңдегі Орталық Азия аймағына кеңінен жайылған үлгілерге ұқсастық кездессе де, өзіндік композициялық көркімен даралығын аңғартады. Есігінің екі босағасы мен мандайшасына үш қатар етіп, әдемі бедерлер түсірілген. Сосын оның жоғарғы бөлігі өрнектеліп, тік төртбұрышты бірнеше ойық қуыспен және дөңгелек оюлармен безендірілген.

Құттыбай кесенесін 1980 жылы Казпроектреставрация институты республикалық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіш ретінде есепке енгізіп, мемлекет қамқорлығына алған.

Сандаған жылдарды артқа тас­таған ежелгі нысанға Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра­ларды пайдалану және қорғау туралы» заңына сәйкес қорғау міндеттемесі бекітіліп, басына қорғау тақтасы қойылған. Ескерткішке 2010 жылы мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, қайта қалпына келтірілу жұмыстары жүргізілген. Қызылорда облысы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D форматтағы интерактивті (www.virtualmap.xyz) картасына енгізілген. QR-код тақтайша орнатылған.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Жетіасар ІІІ (Алтынасар) қалашығы, б. з. д. І мыңжылдықтың соңы- б. з. ІV-V ғасырлар
2 / 5
Айқожа кесенесі, ХVІІІ-ХІХ ғасырлар
3 / 5
Көтібар мұнарасы, ХІХ ғасыр
4 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басы, Ғанибай үйі
5 / 5
Сауысқандық петроглифтері, қола, ерте темір дәуірлері

Ақпарат

    Записей не найдено.