Қорқыт ата ескерткіш кешені (стелла, амфитеатр, қылует, қошқар тас, мұражай )

Мекен жайы: Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.12.2018

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Қорқыт ата ескерткіш кешені (стелла, амфитеатр, қылует, қошқар тас, мұражай ),
1980 жыл

Қорқыт Ата ескерткіші – сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Кешеннің құрылысы 1980 жылы басталды. Авторлары – Б.Ә. Ибраев, С.И. Исатаев. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналды. 2000 жылы кешен жанынан мұражай және әкімшілік ғимараты ашылды. Осы жылы облыстық музейдің филиалы ретінде қызмет көрсетіп келеді. 2014 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде кешеннің маңызды нысандары мұражай, қылует, амфитеатр, стела, қошқар мүсіні қайта жаңғыртылды.

Стела – қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, қордай тасынан дайындалған. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт Ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Қорқыт Ата ескерткішінің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін бейнелейтін «Түйе табан» өрнегімен безендірілген.

Қошқар мүсіні –диаметрі 36,4 метрді құрайтын шеңберлі алаңда орналасқан. Мүсіннің ұзындығы – 165,5 см, ені – 85 см, биіктігі – 120 см. Қордай гранитінен қашалған мүсін – биіктігі 220 см бес деңгейлі тұғырға қойылған. Тұғырдың мүсін қойылған алаңқайының көлемі – 200х90 см. Қошқар ежелгі арии мен қазақ мифологиясында көктәңірінің олжасы мен теріс күштерден қорғаушы символы болып табылады. Сондықтан мүсін қошқар бейнесі мен сақ грифінің – гриф басы, арқасындағы қанаты, аяғы сфинске ұқсас жиынтығы күрделі сипаттамадан тұрады.

Қылует – оңаша тілек тілейтін жер асты мінәжат үйі. Қабырғаларында шырағдан қойылатын шағын қуыстар бар. Намаз оқитын бөлмеге баспалдақ арқылы түседі.

Амфитеатр – түрлі ойындар мен сайыстарды тамашалауға арнап көне Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған. Амфитеатрдың ортасында дөңгелек алаң бар. Көрермендер орындары тұйық шеңберленіп келеді де, сатылай көтеріле береді. Амфитеатрдың өлшемдері: 536 м2, астыңғы диаметрі: 6 метр, үстіңгі диаметрі: 25 метр.

Мұражай – құрылымы бір қабатты, жоспары Г әрпі тәрізді. Өлшемдері 15,9х14 метр. Ғимарат 3 экспозициялық залдан тұрады. Онда Қорқыт өмір дәуірдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құндылықтар мен жәдігерлер қамтылған. Мұражай қорында 700-ге жуық экспонат сақтаулы.

Стела, қылует, амфитеатр орналасқан биіктетілген алаңқай гранитпен жапсырылған биік бетон қабырғамен қоршалған. Кешеннің осы бөлігінің қоршау көлемі 74,22х67,18 м., биіктігі 3,9 м.

Кешен түркі тілдес елдердің тағзым ететін қасиетті орны және күрделі сәулеттік өнер туындысы ретінде ерекше маңызға ие.

Қорқыт Ата туралы аңыз

Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын “Қорқыт” деп қойған дейді. “Қорқыт” сөзінің этимологиясын Ә.Қоңыратбаев “құтты адам, құт әкелетін адам” деп көрсетсе, С.Қасқабасов “өмір сарқылды, адам өлді” деген мағынаны білдіреді деп санайды. Е.Тұрсынов түркі халықтарының фольклорына сүйене отырып, “дада, деде” деген сөздерді “насихат айтушы жырау” деп түсіндіреді. В.Жирмунский Қорқыт Атаны магиялық аспап – қобыздың иесі, шаман, абыз ретінде қарастырады. Қорқыт атаның тарихи тұлға екенін растайтын жазба ескерткіш – “Қорқыт Ата кітабы” (“Китаби дәдәм Корқуд”). Онда Қорқыт Ата жырау, ақылгөй, данышпан, көсем, бақсы, күйші ретінде көрінеді. Кітаптың басында Қорқыт атаның нақыл сөздері келтіріледі. Ол “өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі” дейді. Қорқыт Ата жөніндегі аңыздарда түркі халықтарының өмір мен өлім мәселесі туралы көзқарастары көрініс тапқан. Аңыз бойынша, Қорқыт Ата ұйықтап кетіп, “егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің” деген аян естиді. Біраз уақыт өткен соң бір баспақты қуып жүріп, жете алмағасын, “Өлсем де, жетемін!” дейді. Соны айтуы мұң екен, Әзірейіл келіп, “Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!” дейді. Аңызда Қорқыт Ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан ретінде суреттеледі. Ел-жұртты өзінің жырымен де, күйімен де аузына қаратқан, ғұмырының соңында бірлігі ыдырай бастаған жұртының алауыздығына күйінген Қорқыт Ата мәңгілік өмір сырын іздеп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқан адамдарды жолықтырады. “Кімнің көрі?” деген сауалына “Қорқыттың көрі” деген жауап естиді. “Қайда барсаң да Қорқыттың көрі” деген сөз осыдан қалған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері – Сыр өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарады. Тағы бір аңыз бойынша, өзен ортасына кілем жайып, үстінде отырып қобыз тартқанда, күй күшімен суға батпайды екен. Қорқыт Ата қобыз тартқан жылдары өлім болмаған, тек бақытты тіршілік болған дейді. Бірақ Қорқыт Ата шаршап, ұйықтап кеткен сәтінде судан кішкентай қайрақ жылан шығып, оны шағып өлтіріпті дейді. Аңызда ажал ашық келмей, жылан кейпінде келеді. Бұдан халықтың өлімге деген көзқарасын, “ажал айтып келмейді” деген философиялық тұжырымның негізін көреміз. Қорқыт Ата туралы аңыздарда кездесетін үлкен философиялық мәселе – уақыт пен кеңістік мәселесі.

Бұл аңыздарда Қорқыт Ата өлімнен қашып, бүкіл ғарышты аралайды. Түсінен шошынған ол ажалдан құтылу үшін ертеңіне дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Мұнда ол баяғы түсті тағы көреді. Таң атысымен тағы да жолға шығады. Не істерін білмей, жердің ортасына бармақ болады. Жер ортасы Сырдың жағасы, қазіргі Қорқыт моласы тұрған тұс екен. М.Әуезов: “ажалды тоқтату мүмкін еместігін мойындағысы келмеген Қорқыт Ата жұрттан безіп, айдалаға, табиғат аясына кетеді, бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған өлім күтіп тұрғанын айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап, жер бетінде бірінші болып күй тартады. Сөйтіп өлмеудің амалын өнерден табады”, – деп жазады. Қазақ аңызындағы Қорқыт Ата бейнесі енді өлімнен қашқан шаман емес, керісінше, өмір үшін күрескен, өлімнен құтылуды қандай бір құдіретті күштен емес, өнерден іздеген, ажалмен айқасқан алып рухани тұлға болып көрінеді. Зерттеушілер өлімнен қашқан Қорқыт Ата философиясын әйгілі шумер эпосы “Гильгамеш туралы жырдағы” Гильгамеш әрекетімен салыстырады. М.Әуезов Қорқыт аңызын адамзатқа от ұрлап әкеліп сыйлаған Прометей туралы грек аңызымен теңестіреді. Тарихи деректер мен ғылыми пайымдауларды түйіндей келе, Қорқыт Атаны исламды әлі толық қабылдамаған түркі тайпаларының мәдени рәмізі деп қарастыруға болады. Аңыз әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Зерттеуші Е.Тұрсыновтың түсіндіруі бойынша, бұл жердегі желмая қобыздың рәміздік бейнесі болып табылады. Өйткені ол мәңгілік өмірді қобыздың сарынынан табады. Ең ақырында қобыз күйі мен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады. Қорқыт Ата жырларының философиялық мән-мағынасының алтын діңгегі – әлемді, табиғат заңдарын көркемдік таным тұрғысынан игеру. Оның өмір сүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білу және адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік ету идеясы Қорқыт философиясының іргетасын құрайды

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Жент қалашығы. Ү-ХҮІІ ғ. ғ.
2 / 5
Асанас кесенесі
3 / 5
Сығанақ қалашығы. ҮІ-ХІХғ.ғ.
4 / 5
Молқалан (Молла-Қалан) кесенесі, ХҮІ ғасыр
5 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басы Ғанибай мешіті (қазіргі қалалық кітапхана)

Ақпарат

    Записей не найдено.