Төлегетай-Қылышты ата кесенесі

Мекен жайы: Жаңақорған ауданы, Қыркеңсе ауылынан оңтүстікке қарай 7 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Төлегетай-Қылышты ата
кесенесі,
2008 ж. (ХІ-ХІІ ғ.ғ.)

Кесене тарихы

              Мазарлар күйдірілген кірпіштен салынған. Ұлттық  сәулет өнерінің озық үлгісі 1970 жылдардағы кесененің түсірілген суреті арқылы сызбасын сызып, кесененің күмбезі, қасбетінде қос бағана болғандығын айқындаған. Қайта жаңғырту жұмыстары 2005 жылы 1 маусымда басталып, 2008 жылы 30 тамызда толық аяқталды. Еліміздің көрнекті сәулетшісі Ыбыраев Бек Әнуарбекұлының шығармашылығымен қайта жаңғырған көне кесене жобасы аса шебер қолтаңбамен айшықталып жүзеге асырылды. Қос күмбезді, төрт мұнаралы, сегіз сынтасты. Күмбезді құрылыс нысаны 9х9 м., биіктігі 10 м. өлшемде. Әдемі және ерекше пропорциялы. Ескерткіштің төлқұжаты толтырылып, қорғау тақтасы орнатылған.

 

Өмірдерегі

Шежіре деректеріне қарағанда, ХІІІ ғасырда Мадина қаласынан келген Сайд Камалиддин Ферғана сұлтаны Ілкі Мағзұмның қызына үйленеді. Ол кезде Ферғана мемлекетінің Батыс қағанатының астанасы Өзгент шаһары болған екен. Саид Камалиддин үйленген соң Мекке-Мадинаға қажылыққа барғанда, сол жақта дүние салады. Артында қалған Ілкі Мағзұмның жүкті қызы ұл туып, оның есімін Бурханиддин қояды.

         Жас Бурханиддин нағашы атасы, Ферғана сұлтаны Ілкі Мағзұмның тәрбиесінде болады, оқып білім алады, бір сөзді, өтірік-өсекке жаны қас боп өседі. Ілкі Мағзұм қартайып дүниеден өткенде, оның орнына таққа отырады.

         Бірақ кейінірек өз еркімен тақтан түсіп, Ислам дінін насихаттауды, дін жолында қызмет етуді алдына мақсат етіп қояды. Ол Алланың парызын орындамағандарға, өтірікші-өсекшілерге қатал кісі болған. Аңыз әңгімелерге қарағанда, ол жиналған жұртқа екі жүзді қылышын жалтылдатып жоғары көтерген кезде көбелек, қоңыздар өздері келіп қылышқа ұрыныпқақ бөлініп қала бергенін көрсеткен. Ол: «Кімде-кім адал болмаса, жаулық көрсетсе осы көбелек, қоңыздарша күн кешеді» деп ескерткен. Содан Бурханиддин «Қылышты Ата» атанып кетеді.

         Қылышты Ата (Бурханиддин) батыр әрі әулие кісі болады. Қылышты ата туралы «Бабырнама», Камилқан Қаттаевтың «Махдуми Ағзам және Дағбед», Ақсақ Темірдің өмірі туралы Шарафиддин Али Аздидің «Зафарнама» кітаптарында жазылған.

 

Аңыз әңгімелер

 

  Қылышты ата өте аруақты адам болған. Аңызға сүйенсек көлікті адам көлігінен түсіп зиярат етпесе өзі немесе аты майып болған. Басына түнеп перзент тілегендер мен кеселденгендерге Алланың күшімен шипа беріп отырған. Қылышты атаның әкесі Камаладдин Меккеден келіп Қырөзгент шаһарының патшасы Әбубәкір Сыдық ұрпағы Ілгімағзұмның қызына үйленеді. Содан көп кешікпей Меккеге қайтып келеді. Қылышты ата шеше ішінде қалып, өскенде аспаннан қылыш пен ақбоз ат түсіп 1001 бәлеге қарсы тұрған. Уәзірлері мен билері алдына келгенде қылыш күн сәулесіне шағылысып, қонған шыбын екіге бөлініп түсе берген. Онысы «Кімде-кім адал болмаса осындай жаза алады» дегені екен. Міне осыдан бастап Қылышты ата атанған.

Төлегетай – Қылышты атаға өкіл бала болып тәрбиесін алып, қойын бағады. Бір күні Қылышты ата Төлегетайды сынау үшін аңдиды. Сөйтсе сусыз құм ішінде. Төлегетай аса таяғымен жер сызып су шығарып, қой суарып жүр екен. Баланың жетілгенін біліп, өз қызын беріп күйеу бала етеді. Төлек атадан төрт ата Найман тарайды. Қылышты ата дүниеден өтерінде менің қабатыма Төлекті қойыңдар, зияратқа келген адам бірінші Төлекке дұға оқып, сосын маған келсін деген екен. Шындыққа жүгінгенде бүкіл Найман ұрпағының түп атасы Төлегетай екендігі негізделуде.

Баяғы жаукершілік заманда жау қалың қолмен келіп Найманның ауылын шабады. Найман жас кезінде қол бастаған батыр болғанымен, бұл жау шапқан уақытта жасы сексеннен асқан шағы екен. Наймандардан бұрын қайта-қайта жеңіліп запаста болып жүрген болуы керек, қаны қарайған жау найман шалдан басқа еркек кіндіктіні қалдырмай қырып тастайды. Енді Найман шалға қандай жаза қолданамыз дегенде, бір қаныпезері тұрып: «Дүниеде ұрпақсыз өткеннен ауыр жаза жоқ, осыны көзімен көріп азаптанып өлсін. Тоқсанға жақындаған шалдың қолынан не келеді, мұны тірі қалдырайық», - депті. Осы пәтуаға келісіп, жаулар аттарының басын кері бұрып, келген жақтарына қарай шаба жөнеліпті.

         Осы шайқаста Найман шалдың батыр ұлы Тоқпан да оққа ұшып, жас келіншегі Ақсұлу да жесір қалыпты. Оның да перзенті жоқ екен. Енді бір ұрпақтың, бір әулеттің жер бетінен жойылып кету қауіпі туады. Осыны ойлаған есті жесір келіншек Ақсұлу атасы Найман шалдың күшін байқайын деп, оның ізін аңдиды. Бір күні кіші дәретке отырған жерін артынша барып көрсе, кіші дәреті құмдауыт жерді қазып жіберіп көпіршіп жатыр екен. Мұны көрген Ақсұлу: «Атамның бойында әлі бір перзенттік қуаты бар екен» деп қуана ойлап, көп ұзатпай өзінің төркін жұртынан Тоқсұлу деген сіңлісін атасына қосады. Тоқсұлу өзінен кіші болғанымен Ақсұлу оны: «Қызеней» деп атап кетеді. Сонымен, Тоқсұлу екіқабат болып, ұл табады. Найман шал қайтыс болып кетеді. Баланың атын бір әулеттен қалған белгі ғой деп «Белгібай» қояды (Кейде «Өкіреш» деп те аталады). Бұл жөнінде Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Қанаттас ағайындар: Найман қарт жас арудың құшағында балқыған сол алғашқы кеште-ақ өкірген күйі өліп кетіпті. Баласының атын «Өкіреш» қойыпты деп әр алуан әңгіме шығарып алған. Тіпті, солай-ақ болсын. Бұған намыстанудың түкке де керегі жоқ. Одан Найман шалдың мәртебесі титтей де кемімейді. Қайта, сексен бес жасында ұрпақ үшін бойдағы бар қуатын сарқып беріп, сол жолда өліп кетуі теңдесі жоқ ерліктей», - дейді.

         Ақсұлу кішкентай қайнысы Белгібай он алтыға толғанша күтіп, өзі отыз беске келгенде соған қосылады. Белгібай мен Ақсұлудан – Сүініш, Сүйініштен – Төлегетай дүниеге келеді. Ал Төлегетайдан – Қытай, одан – «төрт  Төлегетай» атанған: Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл деген ұлдары дүниеге келеді. Белгібай Ақсұлудан кейін де бірнеше әйелге үйленген. Олардан: Сүгірше, Серікбай, Келбұқа, Кетбұқа деген ұлдар дүниеге келеді. Енді шежіре бойынша, тоғыз таңбалы қалың Найман осылардан тарайды. Енді бұларды таратыңқырап айтар болсақ, тоғыз таңбаның алғашқы төртеуі бәйбіше Ақсұлудан тараған «Төрт төлегетай» - Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуылға тиесілі болса, кейінгі үш таңбаны Сүгіршенің Саржомартынан өрбіген «Ергенекті» - Көкжарлы, Бура, Қарабай иеленді. Соңғы екі таңба – Кетбұқадан тарайтын Бағаналы мен Балталыға тиеді. Ал Келбұқадан тарайтындарға таңба жетпей қалып, бір ағасының таңбасын теріс басып «Терістаңбалы атаныпты. Бірақ оған «Исі Найманның ноқта ағасы» деген жоғары мәртебе беріліпті.

         Міне, Қылышты Атаның өкіл қызына үйленген Төлегетай – осылайша қалың Наймандардың түп бабасы болып шығады. Ал Төлегетайдың немересі Матайдан туған Қаптағай батыр аты 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» дейінгі Найманның ұраны болып келген. Қаптағай батырдың сүйегі Сауран қамалының (Жаңақорған ауданында) сырт жағындағы қасына қойылған (күншығыс бетінде). Жоңғарларға қарсы кейінгі жылдардағы айқастарда Қабанбай батыр аты ұрандалған.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Айқожа кесенесі, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар
2 / 5
Айтбай мешіті
3 / 5
Оқшы ата кесенесі
4 / 5
Бегім ана мұнарасы
5 / 5
Сараман-Қоса (Сарман-Қожа) мұнарасы, Х-ХІ ғасыр

Ақпарат

    Записей не найдено.