Үбістің үйтамы

Мекен жайы: Жалағаш ауданы, Аққолқа ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 51,5 шақырым, Аққыр ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 54 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 21.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Үбістің үйтамы,
ХІХ ғасыр

Үбістің үйтамы Жаңадария өзенінің биік құламалы жағасында орналасқан. Тұрғын үй жалпы биіктігі 4,5 м, өлшемі 9,5х6м болатын күмбезді түрдегі тікбұрышты пішінді екі бөлмелі ғимараттан тұрады. Үй күйдірілген кірпіштен салынған, сыртынан құмды-саз балшықты ерітіндімен сыланған. Қабырғалардың биіктігі - 2м. Күмбез әр бөлменің үстіне орналасқан және шатыр ретінде қолданылған. Олар іргеден 0,8 м биіктіктен бастап құламалы түрде кірпіштен шатыр түрінде қаланған. Күмбездің жалпы биіктігі 2,5м. Батыс жақтағы бөлменің үстіндегі күмбез диаметрі 0,7м жарық құдығы қалдыра отырып, бітпей қалған. Үйдегі сүйір пішінді аркалы кіре беріс шығыс жақтағы бөлменің солтүстік қабырғасына өзен жақ бетінде орналасқан. Оның ені 70см, биіктігі 1,5м. Өлшемі 3,7х4 м төрткүл пішінді бөлмелер ені 0,6м, ұзындығы 1м және биіктігі 1,5м болатын тар дәлізбен қосылған. Бөлмелер саз балшықпен сыланып, әктелген. Бөлменің солтүстік және оңтүстік қабырғаларында 1,2 м биіктікте шамшырақтар үшін 0,8х0,4м өлшемде аркалы ойықшалар орнатылған. Батыс жақтағы бөлменің батыс жақ қабырғасында, әсті михраб болуы мүмкін, ені 0,6м және биіктігі 1,5м болатын үйдің еденінен бастап арка пішінді ойықша қалдырылған.

Үбіс Жанайұлы (шамамен 1789- 1871 жж.) Кіші жүздің Өтебай Сарқасқа, оның ішінде Солтан деп аталатын аталықтан шыққан әрі би, әрі әулие болған кісі.

Әкеден жастай жетім қалған Үбіс Шөмекейдің биі Пірәліге барып, ақыл - кеңесі мен батасын алған.

Жер дауы, жесір дауы, барымта, т.б. қазақтың толып жатқан дау - дамайлары көбіне Үбістің алдынан шешіліп отырған. Ол кісі: «Мынау жақыным немесе туысым»,- деп бұра тартпай, әркез туралығы мен әділдігін айтқан.

Үбіс айналасындағы кедей ағайындарын егін егуге үйретіп, отырықшылыққа бейімдеген. Оның: «Мал байлығы - бір жұттық», «Еңбегіңді жерге істе, жер көтерер назыңды», «Қабыңда астығың болмаса, қорадағы малыңа сенбе»,- дегендері қанатты сөздерге айналып кеткен. Сол кездегі егін еккен арық - атыздардың орны бүгінгі күнге дейін сақталған. Казіргі Жанаталап ауылы жерінің Қармақшы ауданы жағында «Үбіс арығы» казіргі ұрпақтардың иелігіне айналып, ырыс қазынасы болып отыр.

Ол арнаны қазудың өзіндік сыры бар. Үргеніш пен Арқа бойынан әкелген дақылдарды егейін десе, ойлаған жерге су шықпайды. Содан соң Үбіс бүкіл елді шақырып, мал сойып, өзі бас болып арық қаза бастайды. Елдің абыройлы адамының өзі бастаған соң, қалған халық құрал - саймандарын әзірлеп, ұзындығы 10 шақырымдай болатын «Үбіс арығын» қазып шыққан екен.

Аталған арық өткен ғасырдың 30 - шы жылдардағы сол маңдағы халықты ашаршылықтан құтқаруға себепші болды. Жергілікті халық сол маңнан егін егіп, мал бағып, аң аулап жан бақты.

Үбіс арнайы діни оқу орнын бітірмегенмен, діни шарттарды үнемі орындап отыратын кісі болған. Сондықтан болар, айналасындағы кедейлерге қарайласып, қайыр, садақасын үзбей беріп келген. Ел арасында Үбіс Жанайұлын: «Шүлен таратқан, қазаны берекелі, дастарханына қыдыр дарыған, киелі әулие кісі еді »,-деген сөз бар. Себебі, ол кісі әр үйге он сиырдан бөліп беріп, «сүтін іш, бір басын өзің ал, тек маған бір қарын сары май жинап берсең болды»,- дейді екен. Ораза айында айналасында отырған 60-70 үйге күніне үш - төрт пұт бидайды келіге түйгізіп, арнайы бағылған бір өгіз бен бес - алты қойды сойғызып, астырайды екен. Бидай көже піскен кезде оған бір қарын сары майды салып жібереді де, әр үйдің жан санына қарай ауызашарға бөліп бергізеді. Тіпті, жыл сайын отыз күн оразада: «Үбіс таратқан шүленнен жейміз», - деп алыста жүрген ағайындары да көшіп келіп отырған.

Үбіс көзі тірісінде Жаңадария жағасында «Көкшүңгүл», «Сарышығанақ», «Шымбай» жолының үстінде қос үй үйтам салдырған. Бірінші үй, жолаушылардың су болған киімін кептіріп, дем алып, тамақтануы үшін, екінші үй, намаз оқуға, балаларды оқытуға мешіт ретінде пайдаланылған. Сол үшін Үргеніштен арнайы ұста алдырып, қыш күйдірткен. Кейін бұл үйді қайыр там еткен. Оны жолаушылар баспана, керуен сарай ретінде пайдаланған.

Аталған үйлердің құландысы казіргі кезге дейін сақталған. Үбіс қайтыс болар алдында ұрпақтарына өзін сол үйтамының маңына жерлеуді аманат етіпті.

Үбіс жайлы көптеген ақын-термешілер өз өлең жырларын арнаған. Шораяқтың Омары Керейіт Даңмұрынға жазған өлеңінде:

          «Есетбай, Қарақисық, Үбіс, Сарман,

          Сол кезде болған жерлер жетімге ата.

          Бұқарбай, Сейіл өткен Жетірудан,

          Таусылмас Тәңірім үйген үлкен жота,- деп кезіндегі ел батырларымен қоса Үбіс Жанайұлын дәріптеген.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Бегім ана мұнарасы
2 / 5
Асан ата кесенесі, ХҮІ ғасыр
3 / 5
Көтібар мұнарасы
4 / 5
Қорқыт ата ескерткіш кешені (стелла, амфитеатр, қылует, қошқар тас, мұражай )
5 / 5
Қазалы қаласының ескі бөлігі, қала құрылыс кешені. ХІХғ. Соңы-ХХғ. басы Ноғай (Нұралы) мешіті

Ақпарат

    Записей не найдено.