Мырзабай ахун жерлеу кешені

Мекен жайы: Жалағаш ауданы, Мырзабай ахун ауылынан солтүстік-батысқа қарай 8 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 10.09.2018

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Мырзабай ахун жерлеу кешені

ХХ ғасыр

Маңызы:

Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш

Сипаттамасы

Мырзабай ахун бейіті күрделі жерлеу құрылысына жатқызуға болады. Себебі ол алғашында мешіт ретінде салынған. Мешіт михрабы бар бөлігінің төбесі әлі күнге дейін жабық және ағаш бағаналары сақталған. Кейіннен солтүстік жағына қосымша қоршау (төртқұлақ) қосқанға ұқсайды. Жалпы құрылыс жоспары төртбұрышты, көлемі 11х8 м, қабырғасының қалыңдығы 70 см. Мешіт құрылыс бөлігі мен бұрыштарындағы мұнараларының биіктігі 2,5 м, төбесі ашық қабырғаларының биіктігі 1,5 м тең. Саз кесектен салынып, сырты толық сыланып, әктелген. Ішіне кіретін есігі шығыс қабырғасында орналасқан. Ішіндегі үш сағана (қабір) бар. Мешіт михрабына жақын қабірде (2,8х1,6х0,5 м) «Мырзабайқызы Марфуға 1916-1958 жж.» жерленген. Ортағы сағанада (3,2х1,9х0,8 м) «Мырзабайұлы Әбдісадық», ал шеткі сағанада (3,2х1,9х1 м) «Азаматұлы Мырзабай» жатыр. Мырзабай ахун жерлеу кешеніне қайта қалпына келтіру жұмыстары  2018 жылы жүргізілді.

 Өмірбаяны

Мырзабай ахун Азаматұлы шамамен 1832 жылы Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылы маңындағы елдімекенде дүниеге келеді. Шыққан тегі Кіші жүздің Керейт руы, оның ішінде Арбалы, Абыз болып тарайтын тармағынан. Мырзабай ахунның нақты өмірдерегі ешқандай жазба архивтерде сақталмаған. Тек, ахунның немерелері Салхадин, Ғафура, Тельмандардың шамалауынша 85 жасында қайтыс болған. Ұрпағы мен ел аузындағы әңгімелерді жинақтап, зерттеп, кітапқа ендірген ғалым Н.Жалғасовтың айтуынша ауылда мұсылманша сауат ашқан Мырзабай « Көкілташ» медресесіне 16 жасында оқуға түсіп, оны 1854 жылы үздік бітіріп, «Ахун» атағын алып шыққан. Қазіргі зерттеушілердің айтуынша Ахун- жеті ілімді меңгерген адам немесе қазіргі тілмен айтқанда жеті ғылыми жұмысын қорғаған. Бұлай айтуларының да себебі бар секілді: «Сол кездерде «Көкілташ» медресесінде аспан әлемі, математика, медицина, жағрафия, философия, жаратылыстану және дін ілімі тереңдетіліп берілген» дейді. Осылардың барлығын меңгеріп шыққан маманға «Ахун» атағы беріледі екен. Осыншама ғылымды меңгеріп шыққан Мырзабай ахун 4 жыл сол «Көкілташ» медресесінде сабақ береді. Содан кейін білім нұрын өзге аймақтарға таратайын деген ол Сыр өңіріне келмес бұрын, Амудария жағасына қоныс тепкен, Беруни қаласының маңындағы тақтакөпір деген жерге келіп, Қалжан ахунның әкесі Бөлекбай батырдың ауылын сағалаған екен. Өйткені, Сыр бойындағы халық отырықшылдыққа бейімделе қоймаған, бала оқытуға мешіт салмаған екен. Ал, Қарақалпақ жерінде мешіттер болыпты. «Оның сол жақта білім беріп жүргенін естіп қалған Ораз ахун оны елге алып келу үшін барады. Сонда Сыр өңірінде мешіттердің салынғалы жатқанын, жалынды жастардың бар екенін, байлардың оған қаржы құятынын естіген. Сөйтіп елге алып келеді. Туған жерге оралған ол дереу білім берумен айналысып кетсе де өзінің ерекше ұстанымды мінезімен өзінің ахун екенін айтпайды. Өйткені ол мақтануды, асып-тасуды өзінің бойынан аулақ ұстаған. Тек оның ахундық дәрежеге дейін жеткенін өз замандастары Ораз ахун, Қалжан ахун және Алданазар билер айтады. Мырзабай ахун елге діни білім беріп, мал-мүлік жинамай, өзіне дарыған сахилық, әулиелік, емшілік етумен қатар игерген ғылымдарының да жемісін жегізеді. Ешқандай құрылғысыз жұлдыздардың күн сәулесінің түсуінің құпияларын пайдалана отырып, «Пірман арығы», «Жоламан арығы» және өзге көптеген су жолдарын қаздырып, егін салдырады. Сол арықтарды ел күні бүгінге дейін пайдаланып отыр.

Елге оралған соң үш бөлмелі медресе салдырып, бала оқытады. ХІХ ғасырдың аяғында халық қаржы жинап Мырзабай ахун мешітін салады. Мешіт еңселі, мұнаралы, күмбезді болған. Шағыл құм төбе басына салғандықтан, мешіт алыстан көз тартып тұрған. Мешітте ахун балаларды оқытып, халықтың сауатын ашқан. Мырзабай кісіге қиянат жасамаған, жетім-жесірлерге көмектесіп, халықтың садақаларын жоқ-жітікке беріп отырған. Мырзабай ахун 85 жасында 1917 жылы дүниеден өтеді.

Аңыз-әңгімелері

Мырзабай ахун Азамат білімі асқан данышпан, терең ойға, дүниежаратылысына дін ілімі арқылы сүңги алған жан. Осындай білім қонған ахунның айтқандарының көбі мүлтіксіз орындалған.

Бірде ахун Сырдарияның теріскейінде салынып біткен теміржолды көріп «Мағрып пен машрып (батыс пен шығыс) байланысатын болды деп қуануға ертерек шығар, осы жолдармен ізгіліктен бөтен түрлі зиянды әдеттер ел ішіне дендеп кіріп кете ме деп қорқып тұрмын», - депті.

Тағы бірде: «Маған өткен түні аян берілді. Патшалық та емес, хандық та емес заманның өзі үш қайтара өзгеріске ұшырайды деп айтқан. Кейбір халықтар ілімнен, сезімнен, сергектіктен айырылады. Көздерін шел басып, медресе үйлерін, аспанмен тірескен мешіт мұнараларын сыйламайтын жағдайға жетеді. Өзім ол кезде бақилық дүниеде жүремін, ал сендер және ұрпақтарың қиындыққа душар болатын болды-ау»,- дейді ахун. Өйткені ол заман бұзылмай тұрып дүниеден өтіп кетті дейді ел. «Елім үш кезеңнен өтеді» дегені Қазан төңкерісі, Кеңестік дәуірдің күйреуі және еліміздің егемендігі.

Сол сияқты, жеке адамдардың өміріне қатысты айтқандары да адасқан оқ болған жоқ. Соның бірі Ідіріс молданың әңгімесі. Атақты молданың айтуынша оның анасы он төрт құрсақ көтеріп, барлығы шетінеген екен. Болмаған соң, ері әйелін он бесінші құрсақ көтеріп жүргенде Мырзабай ахунның мешітіне түнетеді. Ертеңіне ахун келіннің ішіндегі бұл баладан да рахат көрмейтінін айтады да, осыдан кейін тағы бір балалы боласыңдар.Алла соның рахатын көрсетеді дейді. Айтқаны айдай келіп Ідіріс үлкен ілім иесі атанып, жүзге жақындаған уақытында барып дүниеден озды. Оның артында балалары бар. Тағы сондай жағдайлардың бірі Өткелбай Ақпанбет деген кісіге байланысты ол да Мырзабай ахун мешітіне келгенде Алладан бала сұрай келген екен. Оған ахун: «Екі ұлды боласың. Аттарын Нұрғали, Есқали қой. Бір қазылық бар, бесік түсіп тұр, бірақ ол кейінірек болады» деген екен. Ахун айтқандай ол кісі екі ұлды, бір қызды болады.

Бір ұстазы шәкірттерін сынамақ болып босағаға құран кітабын көміп қояды да шәкірттерді ішке кіргізеді. Барлық балалар ештеңені сезбестен кіріп-кіріп кеткенде, босағаны аттамай Мырзабай абдырып тоқтап қалады. Сонда ұстазы неге кірмей тұрғанын сұрағанда: «Мына босағаны аттай алмай тұрмын, бұл жерде қасиетті нәрсе көміліп жатқан секілді»,-дейді.

Ахун мешітке түнегелі келе жатқан адамдарды алдын ала болжап, « Бір мүсәпір шаршап-шалдығып келе жатыр екен» деп қазанын астырып, шәйін қойып күтіп отырады екен.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Айқожа кесенесі, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар
2 / 5
Қорқыт ата ескерткіш кешені (стелла, амфитеатр, қылует, қошқар тас, мұражай )
3 / 5
Сығанақ қалашығы. ҮІ-ХІХғ.ғ.
4 / 5
Жанкент (Янгикент) қалашығы,
5 / 5
Бәбіш-Мола ескерткіштер кешені

Ақпарат

    Записей не найдено.