Сортөбе қалашығы

Мекен жайы: Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен батысқа қарай 12 шақырым

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 22.08.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Сортөбе қалашығы,
ІХ-Х ғ.ғ.

Сортөбе ескерткішінде 2007 жылы Ж.Құрманқұловтың басшылығымен Шірікрабат археологиялық экспедициясының археологиялық барлау отряды (отряд жетекшісі Ә.Ә.Тәжекеев) және «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» (директоры М.Елеуов) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің археологиялық тобы болып, оның жобасын сызып, суретке түсіріп, су шайып жатқан құлама жарқабағында тазарту жұмыстарын жүргізіп, судың жағасында, суда жатқан заттарды жинап, олардың суретін салды.

Ескерткіш Сырдария өзенінің сол жақ жағасында орналасқан және егіс даласы мен суғару каналдарының арасында орналасқан берік қамал болып табылады. Қалажұрттың нысаны төртбұрышты, ауданы 120х120 м, жарықтың бұрыштарына бағытталған. Кіреберісті екі жақтан қорғайтын және бұрыштық мұнарасы бар мекеннің қабырғаларының биіктігі 2 м, ені 6-8м. Қабырғалар төртбұрышты күйдірілмеген кірпіштен қаланған. Қалажұрттың солтүтік-шығыс бұрышында қамал орналасқан, ауданы 40х20м. Қалажұрт ішінде кішкене төбешіктер түріндегі төртбұрышты тұрғын құрылыстарының іздері байқалады, ауданы 30-50 шаршы метр. Қалажұртына кіретін есік оңтүстік және шығыс жағында орналасқан. Барлығы 10 құрылыс анықталды. Ескерткіш аумағынан жапсырмалы және қыштан жасалған керамика фрагменттері табылды.

Батыс қабырғасы 80 м, оңтүстік қабырғасы 70 м. ұзындықта сақталған, биіктігі 3,5-4 м төбенің солтүстік және шығыс қабырғаларын Сырдария өзені толық шайып кеткен. Оның өзен шайып кеткен солтүстік-шығыс бөлігінің оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай ұзындығы 120 м, осы бөлігіндегі мәдени қабатының қалындығы 3,5-4 м.

Сортөбенің керамикалық кешені өте бай, онда VII-VIII ғғ. мерзімделетін бүйірі иінді, қабырғасы бүйірінен ернеуіне қарай сыртқа иілген тостағандар (қызыл ангоб) Жетіасар ІІІ кезеңімен мерзімделетін жәдігерлер арасынан және Отырар қаласынан табылған заттар арасынан ұшырасады. Сонымен қатар, Жанкент қазбаларынан табылып жүрген IX-X ғғ. мерзімделетін үстінде ойып салынған сызықты өрнектері бар қақпатар, ернеудің сыртындағы жапсырмаға қатты затпен батырып салынған өрнегі бар ыдыстар және әртүрлі мақсатта пайдаланылған «қошқар» бейнесіндегі культік бұйымдар көп кездеседі.

Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстары мақсаты ескерткіштің құрылымын, қызметін және материалдық кешенің жан-жақты зерттеу. Бүгінде екі жерге қазба салынды.

Сырдария өзені шайып, бұзылып жатқан тік құлама жарқабағында және ескерткіштің жалғыз бұзылмаған бөлігіндегі қысқа мерзімде жүргізілген жұмыстар барысында қол жеткен заттай деректерге бойынша қалашықтың жоғарғы мәдени қабаттары VIII-ІX ғғ. мерзімделетіндігін айта аламыз. Шамасы, қаладағы тіршілік Сырдария өзені арнасының ауысуына байланысты тоқтап, осындағы халық Жанкент бағытында ығысуы мүмкін.

Қуаңдария, Ескідария және Сырдария өзендерінің Арал теңізіне құяр маңы, яғни Жанкент қала-жұрты оазисі көне заманнан тұрақты сауда, Еуразия аудандары көшпенділерінің мәдени және этникалық қарым-қатынас, сонымен қатар, көшпенділер өркениеті мен ортаазиалық отырықшы оазистерін байланыстырған аймағы болған. Осы жерде атақты сауда жолдарымен (әсіресе Ұлы Жібек жолы) бірге, тарихи миграция жолдары және олардың өзіндік тоғысулар іздері жатыр.

Қалашықтың жоғарғы қабаты ІХ ғ. мерімделуі Қорқыт Атаның өмір сүрген кезеңіне сәйкес келеді. Сортөбе қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарының арқасында Қорқыт баба заманындағы халықтың немесе өзі тұрған тұрғын үйлердің қандай болғандығын біле аламыз. Қорқыт ата қорымы мен Сортөбе қалашығы бір кезеңмен мерзімделеді, ал Сортөбе ескерткіші этнографиялық деректерде кездесетін «Ордазы» қалашығы да болуы мүмкін.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басы, Ғанибай үйі
2 / 5
Қазалы қаласы ескі бөлігі, қала құрылыс кешені, Ғ.Мұратбаев музейі /Совдеп үйі/ ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы
3 / 5
Құттыбай кесенесі, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар
4 / 5
Жанкент (Янгикент) қалашығы,
5 / 5
Айтбай мешіті

Ақпарат

    Записей не найдено.