Әбділдә Тәжібаев мүсіні

Мекен жайы: Қызылорда қаласы, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ауласында орналасқан

Ақпарат қосылу\жаңартылу күні: 04.09.2017

Құжаттама: жүктеп алу

Жалпы ақпарат:

Әбділдә Тәжібаев мүсіні

2015 жыл

Әбділда Тәжібаев  - 1909 жылы Ақмешітте (қазіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келген. Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болады да, шешесі Айманкүлдің қолында қалған. Жағдайына байланысты алты жасар Әбділданы қала сыртындағы Қараөзек деген жерде тұратын төркініне алып кетеді. Содан болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы болады. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдебиет үлгілерін оқытып үйретеді. Кейін белгілі халық ақыны болып, өлеңдер жинағы да жарық көрген Әбділдаға шешесі Айманкүл, ол кезде әкесі Далдабай қарттың өтінішімен ауыл адамдарына Шығыстың қиссалары мен қазақтың неше алуан жыр-дастандарын оқып беріп отырған. Соларды қыбыр етпей, құмарта, үнсіз тыңдаушыларының бірі – Әбділда болған. Кейінірек үйлеріне келген қонақтары мен ауыл адамдарына, кішігірім жиын-топта әлгі қисса, дастандарды атасының айтуымен Әбділда оқып беретін болған. Оның үстіне бұл ауылға, әсіресе осы нағашы атасының үйіне Сыр елінің атақты ақын-жыршылары жиі келіп тұрған. Бір жолы Әбділда ауылдарына келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бегежановпен Айманкүлдің ұзақ айтысын тыңдап, шешесінің айтқыштық, ақындығына қуанып тапқыр сөздерін есінде ұстап қалған.  1922 жылы Қызылорда қаласында жаңадан ашылған жетім балаларға арналған интернатқа қабылданып, сауаттылығының арқасында бірден интернат жанындағы бастауыш мектептің 3-сыныбынан бастап оқып кетеді. Әбділданың алғашқы өлеңдері осы интернаттың қабырға газетінде жарияланады. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте, 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында оқиды, 1953-1956 жылдары Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын бітіреді. Еңбек жолын "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде алдымен пошта тасушы (1926), содан кейін корректор болып істеген (1927-1928) ол небәрі 4-5 жылда "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газеті редакторының орынбасары (1932-1934) дәрежесіне дейін көтеріледі. Әбділданың "Жұмысшының гудогі" өлеңі 1926 жылы "Жұмысшы" газетінде басылады. Бұл – оның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Әрі қарай өлеңдері "Жұмысшы" және "Еңбекші қазақ" газеттерінде шығып тұрады. Жиырма бес жастағы Әбділда 1934 жылы Қазақстан жазушылар одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланады. 

  30-жылдары ақын көп оқу, тынымсыз іздену үстінде өндіре де жазады, шығармаларының көркемдік сапасы жағынан да айтарлықтай биікке көтеріледі. "Жаңа ұрпақ" (1935), "Лирикалар" (1936) деп аталған жинақтары бірінен соң бірі жарық көреді. Белгілі "Оркестр", "Абыл", "Толағай" сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған "Ақ қайың" деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: "Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын" деп (1939) бағалайды. Ә.Тәжібаев 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болады.

  1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болын сайланады. Филология ғылымының докторы Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнайды. Қарт ақын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстарымыздың ақталғанын көріп, тоталитарлық жүйенің сеңі бұзылғанын сезініп, 1998 жылы 90-ға қараған шағында дүние салды. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Ә. Тәжібаев атындағы әнбебап кітапханасының ауласында ескерткіш орнатылып, мемлекеттік тізімге алынды. 

 

Мүсін күрті гранитінен жасалып, монолитті блоктардан құралған тұғырға орнатылған. Мүсіннің биіктігі 1,70 м. Жалпы биіктігі 4 м. Мүсіннің авторы – Амангелді Кененбаев. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.

Барлық бейнелері

Фотобаян

1 / 5
Сырлытам кесенесі, ХІІ-ХІІІ ғасырлар
2 / 5
Қорасан ата кесенесі
3 / 5
Айқожа кесенесі, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар
4 / 5
Жент қалашығы. Ү-ХҮІІ ғ. ғ.
5 / 5
Шірік-Рабат қалашығы

Ақпарат

    Записей не найдено.